ХАЛЫҚ ДЕНСАУЛЫҒЫ — ҰЛТ БОЛАШАҒЫ
Мемлекет басшысы бүгінгі жолдауында денсаулық сақтау саласындағы бірқатар бағыттарға тоқталып өтті.
Еліміздің денсаулық сақтау жүйесінде 270 мыңнан астам медицина қызметкерінің болуына қарамастан, терапевт, анестезиолог-реаниматолог, акушер-гинеколог дәрігерлерінің тапшылығы байқалады.
Маңғыстау өңірінде де дәрігер тапшылығы бар. Олқылықтың орнын азайту бағытында мемлекет тарапынан жастарды қолдау шаралары жасалуда.
- Білікті медицина мамандарының тапшылығы – әлі де өзекті мәселе. Бұл мәселені шешу үшін, ең алдымен, медицина саласындағы білім сапасын барынша арттырған жөн. Соның ішінде грант құнын білім беру үдерістерінің деңгейіне қарай саралау арқылы белгілеп, тиімді тарату қажет,-деді ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бүгінгі күні Маңғыстау өңіріндегі мемлекеттік медициналық ұйымдарда 228 дәрігер жетіспейді. Оның ішінде Ақтау қаласында 103, Жаңаөзен қаласында – 55, Мұнайлы ауданында – 16, Маңғыстау ауданында – 5, Қарақия ауданында – 18, Түпқараған ауданында – 8, Бейнеу ауданында – 22.
Мәселен, өңір бойынша 2023 жылы 53 дәрігерге бір жолғы әлеуметтік көмек көрсетілді. Оның ішінде Ақтау қаласына келген 26 адамға 100 мың тг., Жаңаөзен қаласына келген 12 адамға 1,5 млн. және аудандарға келген 15 адамға 1,5 млн теңге берілді.
Ал, 2024 жылы ауылдық жерге баратын аса тапшы 20 дәрігер маманға 8,5 млн тенге көлемінде біржолғы әлеуметтік көмек көрсетілу жоспарлануда.
Сонымен қатар, Ақтау қаласына келетін 30 дәрігерге 3 млн.тг., Жаңаөзен қаласына келетін 25 дәрігерге 5 млн.тг. және шалғай ауыл Бейнеуге келетін дәрігерлерге 10 млн.теңге көлемінде қаражат беру үшін облыстық мәслихат отырысында қарау әзірленді.
Бұдан басқа жыл сайын ауылдық жерге келетін мамандарға аудан әкімдіктері жанынан құрылған комиссиямен “Дипломмен ауылға” бағдарламасы аясында берілетін кредиттердің ең жоғары сомасы 1500 АЕК (5,5 миллион теңге) болса, биылдан бастап оның мөлшері 2000 АЕК-ке (7 миллион 384 мың теңгеге) дейін өсті. Ал аудан орталығына барған мамандар 2 500 АЕК (9,2 млн теңге) кредит рәсімдей алады.
Ақша тұрғын үй сатып алуға немесе салуға ғана беріледі. Сондай ақ, 100 АЕК көлемінде қайтарымсыз бір жолғы әлеуметтік көмек беріліп отырады. Сонымен қатар, жергілікті бюджет есебінен Отбасы банк арқылы төмен пайызбен ипотекалық пәтер алу мүмкіндігі қарастырылып жатыр.