ҮЗДІК ТӘЖІРИБЕ ОРТАЛЫҒЫ АШЫЛДЫ








Бүгін Мұнайлы аудандық емханасында
айтулы шара, мұнайлылық ақ халаттылар үшін маңызды күн. Көптен күткен «Үздік тәжірибе орталығының» салтанатты ашылу рәсімі өткізілді.
Бұл жоба өткен жылдан бастап «Primary Health Care» ұлттық ассоциациясымен бірге алғашқы медициналық көмек көрсететін ұйымдарға жаңа технологияларды енгізу бойынша жүзеге асып жатыр.
Үздік тәжірибе орталығы ашылуының негізгі мақсаты — медициналық және әлеуметтік-психологиялық көмектің қолжетімділігін арттыру, халықтың қанағаттану деңгейін көтеру, адам және оның отбасы қажеттілігі төңірегіндегі денсаулық сақтау қызметтерін біріктіру, арыз-шағымдарды төмендету, ұйымдастыру және әдістемелік жұмысты жүргізу, халықтың медициналық сауаттылық деңгейін жоғарылату, науқасты емдеу және аурудың алдын алу процесіне қатыстыру, халық денсаулығын қорғау саласындағы жобалар мен әлеуметтік бағдарламаларды әзірлеу, диагностикаға бағытталған тәсілден тұлғаға бағытталған тәсілге көшу мақсаттарын көздейтін орталықтың салтанатты ашылу жиынына қатысқан
«Primary Health Care» Ұлттық қауымдастығының президенті, профессор Төлебай Рахыпбеков, Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Аббат Өрісбаев және ауыл ақсақалы, ардагерлер кеңесінің мүшесі Нуфтулла Қаржаубаев құттықтау сөз сөйлеп, орталықтың лентасын қиды.
Мұнайлы аудандық ауруханасы базасында ашылған үздік тәжірибе орталығының ішін аралап шыққан қонақтар орталықтың жұмыс барысы туралы аудандық аурухана директоры Жанар Досжанованың презентациясын тамашалады. Сонымен қатар, «Емхана, алғашқы 5 минут»,»ер адамдардың ұзақ өмір сүруі»,» халықты сүт безі обырын ерте анықтауға үйрету», «салауатты тамақтану» жобаларымен танысып, дәрігерге дейінгі шұғыл көмек көрсету, мүмкіндігі шектеулі жандарға көмек көрсету, скринингтік тексеру, ана мен бала, МИОМОС, ақылмандар кеңесі, медитация, отбасын жоспарлау, қан алуға арналған т. б. емдеу кабинеттерін аралап көрді. Одан кейін Маңғыстау облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бекболат Оразбайұлы, ұлттық ассоциация өкілі Роза Абзалова, аудандық аурухана директоры Жанар Досжанова, басқа да қонақтар Баянды медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсету орталығына қарай жол тартты. Ол жақта да «Кіші үздік тәжірибе орталығының» ашылу салтанаты өткізіліп, лента қию рәсімі жүргізілді. Кіші үздік тәжірибе орталығының жұмысымен Баянды МСАКО меңгерушісі Алмажай Мамбетова таныстырып шықты.